Бұл шешім ең алдымен қаза тапқан адамның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында қабылданды.
Астанада Алматының экс-әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров өліміне қатысты сот ісі бойынша алдын ала тыңдау жабық сот отырысында қаралып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қылмыстық кодекстің 99-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін айыпталушы Кәукетай Ербол Ержановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот қаулы шығарды.
Жәбірленушілердің өкілдері мен қорғаушының өтінішхаты қанағаттандырылсын, Қылмыстық кодекстің 99-бабының бірінші бөлігі бойынша Кәукетайға қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралсын.
Осы қаулы шағым жасап, наразылық білдіруге жатпайды, – делінді сот отырысында.
Сот отырысын жалғастыру алдында сот қабылданған шешімнің мәнін түсіндірді.
Бұл шешім, ең алдымен, қаза тапқан адамның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында қабылданды, өйткені оның артында 16 және 12 жастағы екі кәмелетке толмаған баласы қалған. Сондай-ақ, сөз өмірге қарсы аса ауыр қылмыс туралы болып отырғанын ескере отырып, қылмыстың сипаты мен жасалу тәсілін бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялау қоғамдық талқылауға әкелуі мүмкін, – деді сот.