$ 501.79  595.07  6.56

Биыл елімізге Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс секілді әлемдік жұлдыздар келмек

Фестиваль туризмін жобалау және ілгерілету мақсатында арнайы штаб құрылды.

Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Халықаралық онлайн-платформаларда Қазақстанға арналған туристік турлардың саны үш есе артқаны байқалады. Биыл еліміз әлемдік шоу-индустрия жұлдыздарын қабылдауға дайындалып жатыр. Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және өзге де танымал әртістердің қатысуымен өтетін ірі концерттік іс-шаралар елдегі фестиваль туризмін жаңа деңгейге шығармақ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Үкімет отырысында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Талғат Ғазизов қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар елдің туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын күшейтіп, халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ 2026 жылы Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және өзге де әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерттік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Фестиваль туризмін жобалау және ілгерілету мақсатында арнайы штаб құрылды. Азия мен Таяу Шығыстың мақсатты қалаларында, сонымен қатар Мумбай, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапур қалаларында 10 роуд-шоу өткізу көзделген.

Оның айтуынша, мәдени, этномәдени, спорттық, экологиялық және гастрономиялық бағыттағы іс-шараларды қамтитын бірыңғай іс-шаралар күнтізбесі қалыптастырылған. Аталған күнтізбеге еліміздің барлық өңірін қамтитын 55 негізгі іс-шара енгізілген. Аталған бастамалар аясында туристік өнімдердің географиясы мен түрлері айтарлықтай кеңейді. Қазіргі таңда ТМД, Еуропа және Азияның 18 ірі онлайн-платформасында Қазақстан бойынша 1100-ден астам туристік тур ұсынылған.

"Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есе өсімді көрсетіп отыр. Биыл өңірлерге басымдық бере отырып, турлар санын одан әрі арттыру міндеті қойылып отыр", – деді Талғат Ғазизов.

Қазақстанның шетелдегі туристік имиджін ілгерілету мақсатында Euronews Travel, Amazon Prime Video, Бірінші арна және Францияның M6 телеарнасында арнайы материалдар көрсетіліп, негізгі нысаналы нарықтарды қамту қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қазақстанның Қытайдың Weibo, WeChat, Rednote әлеуметтік желілеріндегі және әлемдік жетекші цифрлық платформалардағы қатысуы тұрақты түрде дамып келеді. Өткен жылы 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 тур ұйымдастырылды. Осы жылға арналған жоспарлар алдағы уақытта қосымша жарияланатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0