Күдіктілер 19 және 20 жастағы қыз болып шықты.
Былтыр 28 желтоқсанда қыздар Ақтөбедегі сауда үйіндегі бутиктен бірнеше iPhone смартфонын ұрлап кеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бейнекамерадағы жазбадан екі қыздың дүкен сөресінен бірнеше смартфонды ұрлап жатқанын көруге болады. Үш күн өткен соң олар бутикке қайта барып, сөренің ашық тұрғанын көріп, тағы бір iPhone-ды қолды қылған.
“Полиция күдіктілерді анықтап, ұстады. Күдіктілер 19 және 20 жастағы екі ақтөбелік қыз болып шықты. Олар өз кінәсін мойындап, ұрланған мобильді телефондарды ломбардқа тапсырғанын және алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты”, – деп хабарлады облыстық ПД.
Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер мұндай әрекеттер үшін заң бойынша 7 жылға дейін бостандықты шектеу немесе 7 жылға сотталу, сондай-ақ мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылғанын ескертті.