04.02.2026, 10:30

Freedom Bank-тің кеңею стратегиясы: бір банктің шешімі нарыққа қаншалықты салмақ түсіреді?

digitalbusiness.kz

Қаржы саласында бір қарапайым, бірақ өзгермейтін қағида бар: жылдам өсу әрдайым тұрақты өсу емес.

Freedom Bank Қазақстандағы банктердің бірін сатып алу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл ақпаратты холдинг басшысы Тимур Турлов шетелдік қаржы басылымына берген сұхбатында растады. Айтуынша, әңгіме шағын банк туралы емес. Сатып алынатын қаржы ұйымының активтері Freedom Bank деңгейінен кем болмауы және корпоративтік клиенттік базасы болуы тиіс. Мәміле сәтті жүзеге асса, екі банк біріктірілуі мүмкін.

Бұл мәлімдеме қаржы нарығында бірден қызу талқыланды. Себебі банк сатып алу жай ғана бизнес қадамы емес. Бұл өзге банктің бүкіл қаржылық тарихын, оның тәуекелімен қоса қабылдау деген сөз. Ал банк саласында мұндай шешімнің салдары тек бір компаниямен шектелмейді.

Банк - қарапайым компания емес. Ол халықтың жинағын, кәсіпкердің айналым қаражатын, жалақы мен несие жүйесін ұстап отырған негізгі құрылым. Сондықтан кез келген ірі шешім банк ішінде ғана емес, нарық деңгейінде қаралуы тиіс.

Freedom Bank соңғы жылдары қарқынды өсіп келеді. Бірнеше жылдың ішінде активтері триллион теңгеден асып, ірі ойыншылар қатарына қосылды. Бұл әрине жетістік. Бірақ тәжірибелі банкирлер үшін дәл осы тұс ең қауіпті кезең! Себебі банк неғұрлым тез өссе, соғұрлым басқару жүйесіне түсетін салмақ артады.

Банктің тез дамуы неге қауіпті?

Қаржы саласында бір қарапайым, бірақ өзгермейтін қағида бар: жылдам өсу әрдайым тұрақты өсу емес. Өсу барысында: несие көлемі көбейеді, тәуекел кеңейеді, бақылау әлсіреуі мүмкін. Ал егер осындай кезеңде банк тағы бір банкті сатып алса, басқару қиындығы бірнеше есе артады. Екі түрлі несие портфелі, екі түрлі клиенттік база, екі түрлі корпоративтік мәдениет мұның бәрін бір жүйеге келтіру үлкен тәжірибені талап етеді.

Банк сатып алу - сандардан әлдеқайда күрделі

Көп жағдайда банк сатып алу актив көлемімен өлшенеді. Бірақ тәжірибеде активтің көлемінен бұрын оның сапасы маңызды. Жаңа банкпен бірге: проблемалы несиелер, төленуі кешігіп жатқан қарыздар, әлсіз ішкі бақылау жүйелері, кадр тапшылығы, ескі технологиялық шешімдер де келеді.

Бұл мәселелер мәміле кезінде толық көрінбеуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе дәл сол қиындықтар банк балансына ауыр салмақ болып түседі. Корпоративтік клиенттер: негізгі табыс көзі ме, әлде басты қауіп пе?

Freedom Holding сатып алынатын банктің корпоративтік клиенттік базасы болуы тиіс екенін ашық айтты. Бұл - бір жағынан түсінікті талап. Корпоративтік клиенттер банктің негізгі табысын қамтамасыз етеді.

Алайда корпоративтік сегмент - банк үшін ең қауіпті бағыттардың бірі. Себебі: ірі несие - ірі тәуекел, бір компанияның проблемасы банкке бірден әсер етеді, экономикалық қиындық кезінде бірінші соққы осы сегментке тиеді. Егер сатып алынатын банктің корпоративтік портфелі сапасыз болса, бұл тәуекел Freedom Bank-ке тікелей өтеді. Мұндай жағдайда бір ғана ірі клиенттің мәселесі бүкіл банк балансына әсер етуі мүмкін.

Қарызға сүйенген кеңею қаншалықты орынды?

Freedom Holding соңғы уақытта қарыз қаражатын белсенді пайдаланып отыр. Бұл нарыққа белгілі факт. Қарыз дамудың бір құралы. Бірақ банк саласында ол аса сақтықпен қолданылуы тиіс.

Қарыз көбейген сайын: банк сыртқы нарыққа тәуелді болады, пайыздық мөлшерлеменің өзгерісіне сезімтал келеді, кез келген қаржылық күйзелісті ауыр қабылдайды. Ал енді осындай жағдайда тағы бір банкті сатып алу тәуекелді бірнеше есе арттыруы мүмкін. Себебі жаңа банк жаңа міндеттеме, жаңа шығын, жаңа жауапкершілік.

Бір банктің қатесі кімге әсер етеді?

Банк жеке меншік ұйым. Бірақ оның қателігі жеке шеңберде қалмайды. Егер банк дұрыс есептемесе, бұл: салымшылардың сеніміне, шағын және орта бизнестің жұмысына, ірі компаниялардың қаржылық жоспарларына әсер етеді. Бұл жерде сөз мемлекет туралы емес. Мемлекет өз функциясын атқарып отыр. Әңгіме нақты банктің кәсіби жауапкершілігі жайлы.