06.02.2026, 17:40

«Бесінші сәбиін күтіп жүрген»: Ақмола облысында жүкті әйел мен күйеуі жол апатынан қаза тапты

Фото: autoassa.ru

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ақмола облысында тас жолда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам: көпбалалы жүкті әйел және оның жұбайы көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, "Ақсу – Бестөбе – Изобильное" автожолында "LADA Largus" және "Toyota Land Cruiser Prado" көліктерінің қатысуымен жол апаты орын алған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан "LADA Largus" көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Полиция қызметкерлері мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін қатаң сақтаудың, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде аса мұқият болудың, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстаудың маңызын еске салды.

Белгілі болғандай, жол апатынан төрт баланың анасы, бесінші сәбиін күтіп жүрген әйел және оның жұбайы қаза тапқан. Сол күні ер адам әйелін ультрадыбыстық тексеруге апара жатқан.