09.02.2026, 18:50

Депутат жаңа Конституцияда меншіктің барлық түрін тең қорғауды ұсынды

Фото: Конституциялық сот

Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында депутат Азат Перуашев мәлім етті. 

Оның сөзінше, меншік нысандарының конституциялық анықтамасы кеңейтілуі және тең қорғалуы керек, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– «Ақ жол» партиясы ұлттық бизнес пен кәсіпкерлердің саяси өкілі ретінде жаңа Конституция жобасын талқылау аясында тағы бір институционалды сипатқа ие мәселеге назар аударғысы келеді. Инвестициялық тартымдылық пен жайлы бизнес климат үшін кез келген экономикадағы меншік институтының мәртебесі аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сонымен қатар, бүгінде бүкіл әлемде болып жатқан үдерістер меншік қатынастарын реттеуді, жаңғыртуды қажет ететінін көрсетіп отыр. Қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек 2 түрі ғана көзделген: мемлекеттік және жекеменшік. Ал заманауи экономистер кемінде 5-6 түрлі меншік түрін бөліп көрсетеді, – деді А.Перуашев.

Депутат Финляндия, Литва, Латвия, Әзербайжан мен басқа да елдерде мемлекеттік және жекеменшікпен қатар, конституцияларында муниципалдық меншік түрі көрсетілгенін айтады. Қытай, Бразилия және Үндістан конституцияларында оларға кооперативтік меншік те қосылған.

– Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы атынан жаңа Конституция жобасының 8-бабының 1-тармағын келесі редакцияда баяндауды ұсынамын: «Қазақстан Республикасында меншіктің барлық түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады». Бұл норма экономиканың дамуына, бизнес, қоғам және мемлекет арасындағы қатынастардың күшеюіне оң ықпал етіп, барлық меншік түрін қолдау мен қорғауды білдіреді деп сенімдіміз, – деп сөзін нақтылады депутат.