10.02.2026, 11:30

Жалақы өсімі тежелді: Үкімет халық табысы экономикадан неге қалып қойғанын мойындады

Фото: Үкімет

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі жалақы мен экономика өсімі арасындағы алшақтықты ашық айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның сөзінше, азаматтардың табыс деңгейінің артуы жалпы экономиканың өсу қарқынымен қабыспай отыр. Қазіргі таңда еңбекақының ЖІӨ-дегі үлесі 30 пайыздан асқан. Бұл көрсеткіш Орталық Азия елдері ішінде ең жоғары деңгей саналады.

Алайда Үкімет мұнымен шектелмейтінін мәлімдеді. Негізгі мақсат – жалақы үлесін әлемдік орташа 40 пайыздық межеге жеткізу. Сонымен қатар, жалақы өсімі бизнес табысының динамикасынан айтарлықтай артта қалғаны айтылды. Әсіресе, жеке кәсіп пен мемлекеттік қолдау арқылы қалыптасатын кіріс көлемі жылдамырақ өсіп жатқаны атап өтілді.

Осы теңгерімсіздікті жою үшін Үкімет халық табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар пакетін әзірлеп жатқанын хабарлады. Экономикалық өсім мен азаматтар әл-ауқаты арасындағы алшақтықты қысқарту – алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі болмақ.