"Бұл жүйелерді кім әзірледі — тиісінше шығынды да солар өтеуі керек»".
Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді Кастэк платформасына көшіру мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында көтерілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы цифрлық инфрақұрылымды біріктірудің нақты тетіктері мен оған кететін қаржы көлемін сұрап, жауапты министрлікке бірқатар сауал жолдады. Президент бұған дейін Бас прокуратурадағы кеңесте аталған жобаға қажетті қаражат көлемі жарияланғанын еске салып, шығынның негізділігіне күмән келтірді.
«Бұл жүйелерді кім әзірледі — тиісінше шығынды да солар өтеуі керек», — деді ол.
Өз кезегінде Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Кастэкке көшу кезең-кезеңімен жүзеге асатынын баяндады. Оның айтуынша, биыл мемлекеттік ақпараттық жүйелердің 30 пайызы жаңа платформаға ауыстырылады. Сондай-ақ талдау барысында ескірген, техникалық тұрғыдан тиімсіз так называемые legacy жүйелер анықталады. Мұндай жүйелерді көшіру орынсыз болғандықтан, олар толықтай қайта жазылады. Министрдің мәліметінше, қазір қолданыстағы 190 ақпараттық жүйенің саны үш жыл ішінде едәуір қысқарып, шамамен 92 жүйе ғана қалады.
Бұл цифрлық инфрақұрылымды оңтайландырып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Алайда Мемлекет басшысы жобаның нақты іске асу мерзімі мен техникалық дайындығына қатысты сұрақтар әлі де толық ашық екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке реформаның орындалу барысын жіті бақылауда ұстау тапсырылды. Цифрлық трансформацияның өзегіне айналатын Кастэк платформасы алдағы жылдары мемлекеттік ІТ-архитектураны түбегейлі жаңартатын негізгі жүйе болмақ.