KazLLM платформасын шамамен 600 мың адам пайдаланады, бұл – ел халқының 3 пайызына жуық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселелеріне арналған кеңейтілген отырыста отандық KazLLM ірі тілдік моделіне қатысты сын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы Жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиевке жүйені қанша адам қолданатынын және оның әлсіз тұстары бар-жоғын тікелей сұрады. Министрдің мәліметінше, KazLLM платформасын шамамен 600 мың адам пайдаланады, бұл – ел халқының 3 пайызына жуық.
Ал Президент Қазақстанда ChatGPT қолданушыларының үлесі 13 пайызға жеткенін атап өтті. Тоқаевтың сөзінше, мұндай цифрлық өнімдер үнемі жаңартылып отырмаса, жаһандық бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Ол OpenAI, Anthropic секілді алпауыт компаниялар жаңа нұсқаларды тұрақты шығарып, модельдерін үздіксіз жетілдіретінін мысалға келтірді. Сондықтан ұлттық жасанды интеллект жүйелерін де тоқтаусыз оқытып, технологиялық дамуын қамтамасыз ету қажет екенін ескертті.
Еске салайық, KazLLM – Қазақстанда әзірленген екі ірі тілдік модельдің бірі. Жоба қазақ тілінде жұмыс істейтін ұлттық цифрлық құрал ретінде кеңінен насихатталып жүр. Жиын барысында Президент ұлттық мессенджер AITU-дың жағдайын да сұрады. Алдымен министр қосымшаны 700 мыңнан астам адам қолданатынын айтса, кейін көрсеткішті «миллионға жуық» деп нақтылады.