"Мемлекет басшысы көтерген мәселенің экономикалық негізі бар".
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың негізгі бағыттары жан-жақты қаралды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы цифрландыру, энергетика, ұлттық компаниялар, агроөнеркәсіп кешені мен қаржы секторына қатысты бірқатар міндет жүктеп, басқару тиімділігін арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.
Осыған қатысты экономист Қажыкелді Шамбыл Президент көтерген мәселелер ел экономикасының сапалы өсіміне тікелей ықпал ететін стратегиялық бағыттар екенін атап өтті.
Сарапшының айтуынша, ұлттық компаниялардың басқару құрылымын оңтайландыру – мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызды тетігі.
«Мемлекет басшысы көтерген мәселенің экономикалық негізі бар. Басқару деңгейлері шамадан тыс ұлғайған жағдайда шешім қабылдау үдерісі баяулайды. Сондықтан құрылымды ықшамдау – тиімділікті арттыруға бағытталған орынды қадам», – деді экономист.
Оның пікірінше, цифрландыру саласына қатысты берілген тапсырмалар да уақыт талабынан туындап отыр.
«Ұлттық цифрлық платформалардың бәсекеге қабілетті болуы үшін олар үнемі жетілдіріліп, қолданушыға қолайлы болуы қажет. Президенттің бұл бағыттағы тапсырмалары отандық ІТ экожүйені күшейтуге серпін береді», – деді Қажыкелді Шамбыл.
Сарапшы энергетика саласына қатысты міндеттерді экономикалық тұрақтылықпен тікелей байланыстырады. Оның айтуынша, қуат көздерінің жеткіліктілігі инвестиция тарту мен өндірісті дамытуда шешуші рөл атқарады.
«Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту – ұзақ мерзімді өсімнің негізі. Бұл бағыттағы жобалардың жеделдеуі жалпы экономикалық белсенділікті арттырады», – дейді ол.
Агроөнеркәсіп кешені бойынша берілген тапсырмалар да саладағы бақылау мен ашықтықты күшейтуге бағытталғанын айтты.
«Субсидиялау жүйесін цифрландыру мен ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту – агросектордың тұрақты дамуына жол ашады. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижеге жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», – деді сарапшы.
Қаржы секторына қатысты тапсырмалар да экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталғанын жеткізді.
«Банк жүйесінің ресурстары экономиканы ұзақ мерзім қаржыландыруға белсендірек тартылса, бұл инвестициялық белсенділікті арттырады. Президент осы тепе-теңдікті күшейту қажеттігін атап өтті», – деді Қажыкелді Шамбыл.
Сарапшының бағалауынша, Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған міндеттер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және экономиканың жаңа сапалық кезеңіне өтуіне негіз қалайды.
«Бұл – жүйелі жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бағдар. Қойылған міндеттер толық іске асса, экономиканың тұрақты әрі теңгерімді өсіміне мүмкіндік береді», – деп түйіндеді экономист.