12.02.2026, 10:10

Батыс Қазақстанда жылқылар қырылып жатыр

Фото: видео скриншот

Былтырғы қуаңшылықтан әлсіреп шыққан жылқы биыл қалың қар мен көк мұздың құрсауында қалған.

Батыс Қазақстан облысында жылқы шығыны күрт көбейіп, шаруалар дабыл қағуда. Әсіресе Қазталовка мен Жәнібек аудандарында қыс ауыр тиіп, мал жаппай қырылып жатқаны айтылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Былтырғы қуаңшылықтан әлсіреп шыққан жылқы биыл қалың қар мен көк мұздың құрсауында қалған. Тебінге жарамаған түлік азық таппай, далада сұлап жатқаны түсірілген кадрлардан анық көрінеді. Киров ауылындағы бір шаруашылықта екі күннің өзінде 8 жылқы өлгені хабарланды.

Шаруалар шығын өтемақысын да сұрамайтынын, тек жем-шөп тасуға және әлсіреген малды шығаруға жол керегін айтады. Өйткені қар құрсаған ауылдарға техника өте алмай, жағдайды ушықтырып отыр. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шығынын қараусыздықпен байланыстырып, өңірде жем-шөп қоры жеткілікті деген мәлімет таратқан.

Алайда даладағы нақты көрініс пен кабинеттегі есептің арасы алшақтап бара жатқандай. Қыстың қамын жаз ойламаған жауаптылардың салғырттығы тағы да малшының маңдай терін рәсуа еткен жоқ па деген сауал туындайды.