Қаражат Үкімет резервінен бөлінеді.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жаңа Конституция жобасына қатысты алдағы референдум өткізуге қанша қаражат жұмсалуы мүмкін деген сауалға пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Осыған дейін айтқанымдай, сома әлі белгісіз. Ол бүгін түстен кейін немесе ертең белгілі болады. Орталық сайлау комиссиясынан бюджеттік сұраным күтіп отырмыз», – деді вице-министр Сенат кулуарында.
Тілшілер алдағы референдумға жұмсалатын қаражат бұған дейінгі референдумдарға кеткен ақшаға қарағанда көп бола ма деп нақтылады.
«Менің ойымша, көп болады. Себебі халық саны да көп, инфляция деңгейі де бар дегендей. Біз бюджеттік өтінімді қараймыз. Қаражат Үкімет резервінен бөлінеді», – деді Дәурен Темірбеков.
Айта кету керек, бұған дейін 15 наурызда жаңа Конституциясының жобасына байланысты республикалық референдум өтетінін жазғанбыз.