13.02.2026, 10:10

Шымкентте «комфорт класс» деп сатылған үйді су басып жатыр

Фото: видеодан скриншот

Әр жаңбыр жауып, қар еріген сайын шатырдан су өтіп, пәтерлердің іші мен жертөле суға толады.

Шымкент қаласы, 189-квартал, 26/1 үй мекенжайында орналасқан «Алтын әлем» тұрғын үй кешенінің тұрғындары баспана сапасына байланысты дабыл қақты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Айтуларынша, 2025 жылдың тамыз айынан бері «комфорт класс» санатымен ипотекаға берілген жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді. Әр жаңбыр жауып, қар еріген сайын шатырдан су өтіп, пәтерлердің іші мен жертөле суға толады.

Тұрғындардың сөзінше, сантехникалық жүйелер де сапасыз орнатылған, құбырлар жарылып, үйлерді су басу деректері жиілеген. Соның салдарынан жаңа қонысқа кірген жұрт жөндеу жұмыстарын қайта жүргізуге мәжбүр.

Ипотеканы 25 жыл бойы төлеуге міндеттелген халық сапасыз салынған баспананың мәселесі неге шешілмейтінін сұрайды. Бұл жағдай қаладағы жаңа тұрғын үйлердің құрылысына бақылау әлсіз екенін көрсетеді деп санайды тұрғындар. Ал жауапты мекемелер мәселені қашан толық шешетіні әзірге белгісіз.