13.02.2026, 19:20

Қазақ ою-өрнегіне халықаралық мәртебе беріліп, ИСЕСКО тізіміне енгізілді

Фото: Ерлан Қариннің Facebook парақшасынан

Ою-өрнек – ұлттық мәдениетіміздің негізгі этномәдени коды, тарихи сабақтастығымыз бен бірегейлігімізді нығайтуға ықпал ететін маңызды элемент.

Қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнегі халықаралық деңгейде мойындалды. 11 ақпанда өткен Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО) Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында ұлттық өрнек ресми түрде ұйымның мұралар тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің пікірінше, ою-өрнек – ұлттық мәдениетіміздің негізгі этномәдени коды, тарихи сабақтастығымыз бен бірегейлігімізді нығайтуға ықпал ететін маңызды элемент. Оның ИСЕСКО тізіміне енуі Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі үлкен жетістік болып саналады.

Ою-өрнектің ИСЕСКО-ның беделді тізіміне енуі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам. Бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған болатын. Президенттің Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанның мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы жалғасатын болады, - деп жазды Ерлан Қарин.