Мамандардың айтуынша, мұндай қадам елдің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның газ саласында ауқымды серпіліс басталды. Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаевтың мәлімдеуінше, бүгінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ресурстық базасын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі таңда 14 перспективалы нысан бойынша геологиялық барлау жүргізілуде. Алдын ала болжамға сәйкес, бұл учаскелердегі газ қоры 515 млрд текше метрге жуықтайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі Геология комитетімен бірлесіп, компанияның барлау портфелін 30 нысанға дейін ұлғайтқан. Бұл — газ әлеуеті жоғары, стратегиялық маңызы бар ірі жобалар. Мамандардың айтуынша, мұндай қадам елдің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Салаға инвестиция тарту жұмыстары да күшейтілген. Биылдың өзінде газ қоры болжанған 50-ге жуық учаске аукцион арқылы инвесторларға ұсынылмақ. Бұл жаңа қаржы ағынын қалыптастырып қана қоймай, барлау мен игеру қарқынын жеделдетуге жол ашады.
Өңдеу инфрақұрылымы да қатар дамып жатыр. Қазіргі уақытта бірнеше газ өңдеу зауытының құрылысы жүруде. Соның бірі 2026 жылдың соңына дейін Қашаған кен орнының қажеттілігіне берілмек. Жоба іске қосылғанда жылына шамамен 1 млрд текше метр газ өңдеуге мүмкіндік туады.
Сонымен бірге, келесі жылы Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауыты күрделі жөндеуден өтеді. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, ішкі нарықты тұрақты көгілдір отынмен қамтуға ықпал етпек.
Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары мен жаңа өңдеу қуаттарының іске қосылуы елдің ресурстық базасын едәуір ұлғайтады. Нәтижесінде, ішкі нарықтағы газ тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік туады. Сарапшылар бұл бастамаларды Қазақстанның газ саласын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық қадам деп бағалап отыр.