13.02.2026, 16:15

Temu бизнес-моделі күйреп бара ма?

Фото: Restofworld.org

Кейбір сарапшылар қытайдың танымал Temu маркетплейсі бірқатар мәселелерге тап болды деген пікірге келген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Компания бағаны демпинг арқылы төмендетті, пайдаланушылардың деректерін заңсыз жинады, Қытайдан заңсыз субсидиялар алды, тауар қауіпсіздігі талаптарын сақтамады және басқа да заңбұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген. Маркетплейстің түрлі елдердегі кеңселерінде тінту жүргізіліп жатыр, ал желі қолданушылары Temu арқылы сатып алынған сапасыз әрі қауіпті тауарлар туралы жиі шағымдануда. Restofworld.org басылымының жазуынша, сарапшылар Temu-дің бизнес-моделі күйреуі мүмкін деп болжайды.

Мамандардың пікірінше, аса төмен бағалар мен Қытайдан тікелей жеткізілімге негізделген Temu бизнес-моделінде осал тұстар бар. «Миллиардер сияқты сатып ал» деген тартымды ұранның артында қауіпсіздік тексерісінен өтпеген тауарлар, пайдаланушылар деректерін заңсыз қолдану және Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де әділетсіз бәсекелестік мәселелері тұрғаны айтылуда.

Кейбір сарапшылар Temu моделі көптеген елдерде арзан тауарларды баж салығынсыз импорттауға сүйенгенін алға тартады. Алайда жергілікті кәсіпкерлерді қорғау мақсатында бірқатар мемлекеттер импорттық тауарларға баж салығын енгізді. Бажсыз әкелуді алғаш болып АҚШ тоқтатса, 2025 жылдың соңында Еуропарламент те арзан сәлемдемелерге салық салынатынын мәлімдеді.

«Temu-дің бастапқы “Қытайдан есікке дейін” стратегиясы өте сәтті болды, бірақ түптің түбінде оның осал екені байқалды. Қазір модель жедел түрде жергілікті трансшекаралық гибрид форматқа көшіп жатыр. Оның өміршеңдігі компанияның қаншалықты жылдам бейімделетініне байланысты», – деді қытайлық ChoZan зерттеу компаниясының негізін қалаушы, маркетинг сарапшысы Эшли Дударенок.

Айта кетейік, 2025 жылдың маусымында Temu бюджет маркетплейсіне иелік ететін PDD Holdings компаниясы АҚШ-тағы табысының бір тоқсанда шамамен 40%-ға қысқарғанын хабарлаған. Сарапшылардың пікірінше, қытайлық маркетплейстердің оңай әрі қарқынды өсу дәуірі аяқталуы мүмкін.

Бұған дейін отандық кәсіпкерлер де билік өкілдеріне салық жүктемесін жеңілдетіп, жергілікті бизнесті қолдауды сұрап жүгінген болатын.