$ 496  588.01  6.42

«Олимпиада алтыны ұлттың жеңісі емес»: жазушы Қанат Тілеухан Шайдоровтың жетістігі туралы

Ол өзі кішкентайынан осы спортты сүйді, жаны қалады.

Фото: коллаж Sn.kz
Фото: коллаж Sn.kz

Жазушы, журналист Қанат Тілеухан мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың қысқы Олимпиададағы жеңісіне қатысты пікір білдірді. Ол Instagram желісінде жариялаған видеода спортшының көрсеткен нәтижесі елдің емес, жеке басының жетістігі екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

“Михаил Шайдоровтың Олимпиада алтыны ұлттың жеңісі, үкіметтің жетістігі де емес. Әдетте біздің спортшылар Олимпиаданың шыңын бағындырып жатса, бұны бір ұлттың ұлы жеңісі, сол спортты басқаратын ведомстваның жетістігі сияқты қабылдайды. Бірақ меніңше, бұл — адамның жеке өзінің талантын еңбекпен шыңдап шыққан жеке меншік жеңісі. Михаил Шайдоровты қазір бәрі құттықтап жатыр. Бірақ оның есімін көп адам білген жоқ. Мен өзім де білген жоқпын. Ол өзі кішкентайынан осы спортты сүйді, жаны қалады. Қалаған іспен кәсіби түрде айналысып, енді міне, үлкен жетістікке жетіп отыр. Біз осындай спортшылардың жеңісін өзімізге меншіктеп, иеленгіміз келеді. Бірақ бұл жеңіспен ешкім де ортақтаспау керек. Қуанышымен бөлісуімізге болады”, — дейді ол.

Жазушының бұл пікірі желі қолданушылары мен спорт жанкүйерлері арасында қызу талқыланып жатыр. Бірі онымен келіссе, тағы бірі бұл ойды “спортшының еңбегін жоққа шығару” деп бағалады. 

”Осындай пікірдің қажеті қанша? Бұл жетістікке тоғайда жалғыз өзі жүріп жеткен жоқ қой. Қуаныш бәрімізге ортақ”, “Ата-анасы мен жаттықтырушысының жемісі”, “Қалай айтсаң да елдің, мемлекеттің жеңісі”, “Осындай бос әңгіменің не керегі бар”, — деп жазды олар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 5
Күлкілі 0
Ашулы 0