17.02.2026, 20:30

Көкпардан кейінгі жанжал: Сайрамда 20 жасар жігіт аяусыз соққыға жығылды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Жанжал күндізгі көкпар барысында басталып, кешке оны күдіктілер «сөйлесуге» шақырған.

Әлеуметтік желіде және бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Түркістан облысында көкпардан кейін жас жігіттің соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға Сайрам ауданында болған. 20 жастағы жігітті бір топ азамат ұрып кеткені айтылады. Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, жанжал күндізгі көкпар барысында басталып, кешке оны күдіктілер «сөйлесуге» шақырған. Жақындары жігітті шамамен екі сағаттан кейін тауып алған.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 7 ақпанда Сайрам ауданының тұрғыны дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар тұлғаларды және куәгерлерді анықтаған. Аталған дерек бойынша бұзақылық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде екі жергілікті тұрғын ұсталған.

Сот шешімімен оларға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр. Туыстары айтқан уәждер тексерілуде. Жәбірленуші медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.

Тергеу нәтижесіне қарай тиісті құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.