«Бұл үйлерді қабылдап алған жауапты органдар қайда қараған?» деген сауал да көтеріп отыр.
Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты Тұран шағынауданы, Қаусар 21/2 үйінің тұрғындары баспаналарының қазіргі жағдайына алаңдаулы. Айтуларынша, пәтерлерін ипотека арқылы алғандарына биыл бес жыл толған. Алайда осы уақыт ішінде үйдің сапасына қатысты мәселе шешімін таппаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындар бірнеше рет Қаратау аудандық әкімдігіне, тұрғын үйге жауапты маман Бауыржан мырзаға және мердігер компания өкілі Жанғалиға жүгінген. Бірақ олардың сөзінше, нақты көмек көрсетілмеген. Үйдің жертөлесін жыл сайын су басады: тек жаз мезгілінде ғана құрғақ, ал басқа уақытта суға толып тұрады.
Соның салдарынан көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы отырып, қабырғалары жарылып жатқан көрінеді. Тұрғындар бұл жағдайдың күн өткен сайын ушығып бара жатқанын айтып, алаңдаулы. Олар жергілікті биліктен және қала әкімдігінен мәселені назарға алып, тиісті шара қабылдауды сұрайды.
Сондай-ақ тұрғындар сапасыз құрылыс жүргізген мердігер компанияға үй салуға қалай рұқсат берілгеніне күмән келтіреді. «Бұл үйлерді қабылдап алған жауапты органдар қайда қараған?» деген сауал да көтеріп отыр.