Тапшылық салдарынан медбикелер кейде қажетті материалдарды өз үйлерінен әкелуге мәжбүр.
Қостанай облысы, Рудный қаласындағы қалалық ауруханада қарапайым медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі айтылды. Бұл туралы өңір тумасы, актриса әрі блогер Таня Турлай өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, анасы үш аптадан бері аталған аурухананың терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Осы уақыт аралығында блогер медицина қызметкерлерімен және пациенттермен сөйлесіп, бөлімшеде физерітінді, бинт, тамшылатқыш жүйелері мен негізгі дәрілер тапшы екенін анықтаған. Тапшылық салдарынан медбикелер кейде қажетті материалдарды өз үйлерінен әкелуге мәжбүр. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын тұрақты төлейтін науқастардың өзі кейбір дәрі-дәрмекті жеке қаражатына сатып алып отырғаны айтылды.
Жарияланымнан кейін Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме беріп, жекелеген медициналық бұйымдардың уақытша жетіспеушілігін мойындады. Ведомство жеткізілімді тұрақтандыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Кейін блогер ауруханада тексеріс басталғанын жазды.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұрған елде тұрғындардың өз қаражатына дәрі алуы жергілікті атқарушы биліктің денсаулық сақтау саласындағы үйлестіру жұмысы әлсіз екенін көрсетеді.