20.02.2026, 23:30

Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

Фото: видеодан скрин

Ер адам достарымен бірге фазендаға кеткен екен.

Жамбыл облысында бір апта бұрын жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Ер адам достарымен бірге фазендаға кеткен екен. Алайда жолда көліктері бұзылып достар әр жаққа бөлініп кеткен көрінеді.

“Хабарлама түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары күн сайын жүргізілді. Аумақты кезең-кезеңімен тексеру барысында жергілікті тұрғындар жоғалып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оқиғаның мән-жайын тиісті қызметтер анықтап жатыр”, – деді Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Карина Карташова.

43 жастағы Нұржан Өмірбековті 100-ден астам полиция қызметкері, құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар іздеді. Оның мәйіті бұзылып қалған көліктен шамамен 10 шақырым жерден табылды. Дәл осы маңда 11 ақпанда мал қарауға фазендаға шыққан үш жолдас әр жаққа бөлініп кеткен.

Марқұмның жұбайына достары жолда көліктің бұзылғанын айтқан. Кейін қар жауып, олар Нұржанды көліктің жанында қалдырып, өздері кетіп қалған. Болжам бойынша, Өмірбеков те кейін жақын маңдағы ауылға қарай бет алған. Алайда боран салдарынан бағытынан жаңылып кеткен болуы мүмкін.

Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр. Дегенмен мәйіттен айқын зорлық-зомбылық белгілері анықталмағандықтан, іс қысқартылуы мүмкін.