23.02.2026, 10:00

«Дінді өз салт-дәстүріңсіз ұстансаң, ұлт ретінде жойыласың» — Исламтанушы Мұхидтин Исаұлы (ВИДЕО)

"Дін деген бір мешітпен шектелмейді".

Нұр-Мүбәрак университетінің профессоры, философ, исламтанушы Мұхитдин Исаұлы Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болып, Рамазан айы мен дін жайлы терең әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Исламтанушының сөзінше, қазіргі қоғам діннің не екенінен хабарсыз және байыбына бара бермейді.

"Дін деген бір мешітпен шектелмейді. Біздің ата-бабаларымызда жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүргенде мешіт болып па еді? Бірақ оларда әулиелер көп еді ғой. Аспанға қарайық. Көгілдір аспан мешіттің күмбезі емес пе? Жерге қарайық. Жер ол мешіт емес пе? Пайғамбарымыз кез-келген жер мешіт деді. Дін деген бір мешітпен шектелмейді. Дін деген сенің дем алып, дем бергеніңнен басталады ғой. Дін деген ол мейірім. Бүкіл Пайғамбарды Алла мейірім үшін ғана жібереді. Жер беті зұлымдыққа толып кетті. Қазақтың қай ханы қажылыққа барып еді? Біреулер мешітке молдаға барады, біреулер мешітке Аллаға барады", – деді ол.

Ғалымның айтуынша, діннің негізі өзгермегенімен, әр ұлт оны өз болмысымен ұстануы керек.

"Дінді Алла бізге бергенде жалаң қылып береді. Бірақ оның сыртқы қорабын әр ұлт өзі жасайды. Ал біздің ұстанып отырған сыртқы қорабымыз ол араб пен парсының, түріктің сыртқы қорабы. Ата-бабамыздың салтына қарап жасамаймыз ба? Оразаны арабтың ұстанымдарымен ұстаймыз. Олардың ұлты бөлек қой. Құранда Алла Тағала ұлттарға бөлдім деп айтады. Әр ұлт бір-бірін танысын деп. Әр ұлттың ерекшелігін сақтау керек дейді. Қазақтың қошқар мүйізін сақтағаны соншалық кезінде Сұлтан Бейбарыс қағбаға барып іліп қойған. Ол қошқар мүйіз әлі күнге дейін тұр. Арабтардың өзі ала алмайды ғой. Пайғамбарымыздың мешітіне барсаң, оның мешітінің намаз оқитын жерінде қошқар мүйіз тұр. Меккеде де, Мәдинада да тұр қазақтың оюлары. Қазақтың мәдениетін кезінде арабқа сіңдірген. Әр ұлт өзінің дінін ұстанғанда ұлттық бояуымен ұстану керек. Рамазан халқымыз үшін ұлттық мейрам секілді қалыптасқан. Оны бабаларымыз ұлттық кодпен бояуға тырысқан", – деді ол.

Сондай-ақ ол жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын атап өтті.

"Бүгінде жаһандану заманы келе жатыр. Жаһандану кезінде өзінің ұлттық кодын ұстанғандар ғана аман қалады. Қалғаны жойылып кетеді. Дінді жалаң ұстансаң да жойылып кетесің. Арабтың салтымен ұстанасың болмаса американың салтын ұстанасың. Дінді ұстанып мұсылман болып жүре бересің, бірақ ұлтың жойылып кетеді. Алла Тағала айтады: "Дінді сақтағандарың секілді ұлттық құндылықтарыңды да сақтаңдар, қорғаңдар" дейді. Иманың қандай құнды болса, тарихың, мәдениетің сондай құнды. Арабтар соны біліп ұстанды сондықтан осы уақытқа дейін олар араб болып қалды. Олар дінге қарағанда ұлтты қатты ұстады. Намазаң қандай маңызды болса тарихың да сондай маңызды", – деді ғалым.