23.02.2026, 14:40

«Денсаулығына зиян тигізген»: Қостанайда дүкеннен сатып алған кәмпиттің ішінен құрт-құмырсқа шыққан

bolshoyforum.com

Моральдық зиян өтемақысы 250 мың теңге деп белгіленді.

Қостанайда сатып алынған кәмпиттен жәндік табылып, қала тұрғыны сотқа жүгінді. Әйел адам моральдық өтемақы талап етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қалалық сотта азаматша Л.-ның жауапкершілігі шектеулі серіктестікке моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Сотпен анықталғандай, былтырғы қыркүйек айында талапкер қаладағы супермаркеттердің бірінен кәмпит сатып алған. Келесі күні қаптаманы ашу кезінде ол өнімнің ішінен зиянкес жәндіктер бар екенін анықтаған.

Уәкілетті органға жүгінгеннен кейін аталған кәмпиттердің паразиттермен зақымданғаны расталды. Талапкер 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді сұрады.   Сот отырысында жауапкердің өкілі сапасыз тауардың сатылғанын мойындағанымен, денсаулыққа зиян келтірілгені туралы дәлелдердің жоқтығын көрсетіп, талап қою сомасымен келіспеді. Жауапкер 200 мың теңгені ерікті түрде төлеуге дайын екенін білдірді.    Іс материалдарына сүйене отырып, сот мекемені сапасыз тауарды сатқандағы кінәсін анықтады, бұл мән-жай жауапкер тарапынан да дау туғызған жоқ. Сондай-ақ сот моральдық зиян өтемақысының мөлшерін 250 мың теңге деп белгілеуді орынды деп тапты.   Шешім заңды күшіне енген жоқ.