23.02.2026, 15:10

Шымкентте жаңа төселген жолдар опырылып жатыр (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

«Жаңа салынған жолдың сапасы осындай болса, ертең не болмақ?»

Шымкент қаласы, Асар-2 шағынауданы, Қымбат көшесі, 86-үйдің маңында биыл ғана төселген жол қазірдің өзінде бұзыла бастаған, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Тұрғындардың айтуынша, 2025 жылдың күзінде пайдалануға берілуі тиіс жаңа асфальттың жиегі опырылып, тротуар бөлігі сынып жатыр.

Жол жабыны шөгіп, жиегі үгіліп кеткендіктен, көліктер шұңқырға түсіп, балалардың құлап жарақат алу қаупі күшейген. Халық бірнеше рет тиісті мекемелерге шағымданбақ болғанымен, нақты қайда жүгінерін білмей отыр.

«Жаңа салынған жолдың сапасы осындай болса, ертең не болмақ?» дейді тұрғындар. Кадрлардан асфальттың астындағы топырақ дұрыс нығыздалмағаны байқалады. Қыруар қаржы бөлінген инфрақұрылым неге қысқа уақытта жарамсыз күйге түсті? Егер жол толық пайдалануға берілмей жатып бүлінсе, мердігер компания мен жауапты мекемелер сапаға қалай кепіл болады? “Бюджет қаржысына салынған нысанның осылайша көз алдымызда қирауы – бақылаудың әлсіздігін көрсетеді” - дейді халық.