Тұрғындардың айтуынша, көлік жүргізушілері жаяу жүргінші белгісін елемейді.
Тараз қаласында Қойшыбеков пен Жақан Сабалақов көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үлкен мәселеге айналған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың айтуынша, көлік жүргізушілері жаяу жүргінші белгісін елемейді. Жолдан өтпек болған адамдарды өткізбей, тіпті айқай шығаратын жағдайлар кездеседі. Жуырда ерлі-зайыпты жолдан өтіп бара жатқанда жүргізуші «мұнда белгі жоқ» деп дау көтерген. Ал бұл арада балалар күн сайын өмірін қатерге тігіп, көшені кесіп өтеді. Тұрғындар қала әкімінен аталған тұсқа жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнатуды сұрайды.
Себебі мәселе бір күндік емес, бірнеше рет көтерілгеніне қарамастан нақты шешім жоқ. Көлік легі тығыз, ал қауіпсіздік шарасы мардымсыз. Машиналар балаларды да, ересектерді де өткізбейді. Қала билігі жолдағы қарапайым қауіпсіздік мәселесін реттей алмаса, тұрғындардың жанайқайына кім жауап береді?