24.02.2026, 14:40

Павлодарда 3 жасар қыз көзіне қайшы тығып алған

Фото: pexels.com

Ата-анасы жарақаттың қаншалықты ауыр екенін алғашында түсінбеген.

Павлодар облыстық балалар ауруханасында көзінен ауыр жарақат алған үш жасар қыз балаға шұғыл көмек көрсетілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Белгілі болғандай, бала абайсызда қайшыны көзіне тығып алған. Ата-анасы жарақаттың қаншалықты ауыр екенін алғашында түсінбеген. Баланың көзі қатты қызарып, жасаурап, жарыққа қарай алмай қалған кезде ғана медициналық көмекке жүгінген.

Балаға қасаң қабықты тесіп өткен жарақат және ішкі қабықтардың сыртқа шығып кетуі диагнозы қойылған. 

Офтальмологтар балаға дереу ота жасаған.

Дәрігерлер қасаң қабықтың жыртылған жерін тігу және көздің анатомиялық тұтастығын қалпына келтіру бойынша зергерлік дәлдікті талап ететін күрделі микрохирургиялық ота жасады. Отаны офтальмологтар тобы анестезиология қызметімен бірлесе отырып толық құрамда өткізді. Павлодар облыстық балалар ауруханасы мамандарының үйлесімді іс-қимылының арқасында көзді мүше ретінде сақтап қана қоймай, сонымен қатар баланың көру қабілетін де сақтап қалу мүмкін болды. Отадан кейінгі кезең тұрақты бақылауда өтті. Қыз балаға қажетті терапия тағайындалып, жағдайы тұрақталды, оң динамика байқалды, - деп хабарлады Павлодар облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта бала үйіне амбулаторлық бақылауға шығарылды.