Жеңіл көліктің жүргізушісі көлікте қысылып қалған.
2026 жылғы 24 ақпан күні таңертең Құлжа тасжолы бойында жол апаты орын алып, салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Апат Рыскұлов даңғылы мен Бұқтырма көшесі аралығында, "Сокол" жанармай бекетінің қасында болды. Қақтығысқа Mercedes-Benz Actros жүк көлігі мен Mazda 626 жеңіл көлігі ұшырасқан.
Жүк көлігі жүргізушісінің айтуынша, ол солтүстік бағытта Құлжа тасжолы бойымен қозғалып келе жатқан. Бір сәтте қарсы бағыттағы жолдан жоғары жылдамдықпен келе жатқан Mazda көлігінің өзіне тікелей шыққанын көрген.
Actros жүргізушісінің айтуынша, ол қақтығысқа жол бермеуге тырысқан, алайда Mazda көлігінің жүргізушісі жылдамдықты азайтпай, траекториясын өзгертпеген. Соның салдарынан бетпе-бет соқтығыс орын алған.
Жеңіл көліктің жүргізушісі көлікте қысылып қалған. Жедел жәрдем қызметкерлері келгенде оның қайтыс болғанын тіркеді. Төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері зардап шеккеннің денесін көліктен шығарды.
Жол-көлік апаты орнында полиция барлық жағдайды анықтап жатыр. Қаза болған жүргізуші – 2006 жылғы туған жас жігіт.
Апаттан кейін Құлжа тасжолында екі бағытта да көлік кептелісі пайда болды.