Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Атырауда ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты істе жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қаза тапқандардың қызына күдікті мәртебесі берілді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің хабарлауынша, оны бұрынғы жұбайымен бірге Индонезиядан Қазақстанға қайтаруға дайындық жүргізілуде. Елден шығару рәсімі екі елдің билік органдарының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Ал жоғалып кеткен отбасының басқа мүшелерінің қайда екені әлі белгісіз. Атырау облысында арнайы іздестіру тобы жұмысын жалғастыруда. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін қаза тапқандардың қызы ресми түрде хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған, ал күйеу баласы негізгі күдікті ретінде іздеуге жарияланған еді. Сонымен қатар, ІІМ мәліметінше, ер адам мен әйел ресми түрде ажырасқан.