25.02.2026, 18:20

Қарағандыда бір топ жасөспірім қыз баланы аяусыз соққыға жыққан

Фото: Polisia.kz

Екі қатысушы уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды.

Қарағандыда бір топ жасөспірім қатарластарын ұрып тастаған. Екі жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы. 

Қыз балаға жасалған шабуыл туралы оның анасы әлеуметтік желілерде айтып берді.

Надежда Кошельдің сөзінше, оқиға 16 ақпан күні кешке Майқұдықтағы 12-ші ықшам ауданда болған. Кәмелетке толмаған балалар еш себепсіз, ешқандай жанжалсыз қызға тап берген.

Қарағанды қаласының тұрғынынан полицияға кәмелетке толмаған қызын жасөспірімдердің ұрып-соққаны туралы хабарлама түскен.

Аталған дерек бойынша кәмелетке толмағанға қатысты заңға қайшы әрекет фактісімен қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты және объективті тергеу амалдары басталды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған 6 бала анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер жәбірленушіге бұзақылық ниетпен қасақана дене жарақатын салған.

Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің қоғам үшін қауіпті екенін атап өтеді. 

Бастапқы тергеу әрекеттерінің нәтижесінде жанжалдың бастамашылары болып табылатын жасөспірім ұл мен қыз уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне тергеу аясында тиісті құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі. 

Оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңесте қаралып, тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілерді арнайы білім беру ұйымына жолдау мәселесі бойынша шешім қабылданды.