Журналист, тележүргізуші Дина Төлепберген әлеуметтік желіде анасын туған күнімен құттықтап, ерекше жазба қалдырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"Менің анам небәрі 11 жасында өз анасынан айырылған. Бәлкім сондықтан болар, есейгенде дәрігер болуды қалапты. Кішкентай кезімде, мен анамды “әлемдегі ең қатал ана” деп ойлайтынмын. Бәлкім, өзі жетім болып өскен соң, мені өмірге тезірек дайындағысы келген болар. Еркін таңдау жасауға мүмкіндік беріп, әрдайым “батыл бол” деп қамшылағаны есімде.
Бүгін мен сол қаталдау тәрбиенің астарында шексіз махаббаттың жатқанын түсінемін, әрине. Туған күніңмен, Мама. Менің бүгінім, болмысым - бәрі де Сенің еңбегің!", - деп жазды журналист.
Тележүргізушінің оқырмандары да туған күн иесіне деген лебіздерін аямаған.
"Осындай аналардың тәрбиесінен ғана мықты, жүрегі жұмсақ, ойы терең жандар өсіп шығады… Қаталдықтың артында – қорған, үнсіз махаббат, болашаққа деген жанайқай жатады. Анаңызға Алланың шексіз рақымы, ұзақ ғұмыр, ал өзіңізге сол еңбектің жемісін көруді нәсіп етсін. Нағыз ана – осындай", - деп жазды Камила Бекзатаева есімді желі қолданушысы.