$ 501.26  590.38  6.54

«Кешірім де сұрамады»: Көкшетауда бүлдіршін тісін емдетемін деп оқыс жағдайға ұшырады

26 ақпандағы жағдай бойынша, бөгде зат әлі табиғи жолмен шықпаған.

Фото: әлеуметтік желі
Фото: әлеуметтік желі

Көкшетауда жеке емханада қабылдау кезінде 3 жасар бала стоматологиялық құралды жұтып қойған. Бұл оқиға туралы баланың анасы Threads әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы BAQ.KZ-ке сілтеп.

Оның айтуынша, тісін емдеу кезінде бала стоматологиялық бұрғыны (бор) жұтып қойған.

Бұл жағдай қабылдау кезінде болды. Бізге «ештеңе етпейді», мұндай жағдайлар болып тұрады және бөгде зат өздігінен шығады деп айтты. Шұғыл көмек ұйымдастырылған жоқ. Қызым әлі 4 жасқа да толмаған, - деп жазды әйел.

Анасы баласының өзін сабырлы ұстағанын, жылап, жұлқынбағанын айтты.

Алайда дәрігер затты өз бетінше шығарып алуға тырысқан кезде, бала жарты сағаттай жайсыз күйде болып, құсқысы келген.

Одан кейін баланың ата-анасы клиниканың шарасыздығын күтпестен көпбейінді облыстық балалар ауруханасына өздері барған.

Бірнеше күн ішінде бала екі рет рентгенологиялық зерттеуден өтіп, хирург қарауында болған және оған ФГДС (фиброгастродуоденоскопия) процедурасы жасалған.

26 ақпандағы жағдай бойынша, бөгде зат әлі табиғи жолмен шықпаған. Анасының сөзіне қарағанда, емдеуші дәрігер жеке келіп кешірім сұрамаған, ал клиника басшылығы тек емдеу ақысын қайтаруды ұсынған.

Біз үшін бұл - баламыздың өмірі үшін қорыққан, үрей мен мазасыздыққа толы сәт болды. Бір қабылдаудың құны 3 жасар баламның бастан кешкен күйзелісін өтей ала ма?, - деп атап өтті ол.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың анасы жеке стоматологиядағы оқиғадан кейін облыстық балалар ауруханасына жүгінгенін растады.

Ведомство мәліметінше, медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп, қажетті тексерулер жүргізілген.

Тексеру нәтижелері бойынша баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Бала тиісті ұсыныстармен үйіне жіберілген.

Басқарма мамандары бұл стоматологиялық бөлшектің балаларды емдеуде қолдану үшін қауіпсіз әрі ағзаға улы емес екенін нақтылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0