27.02.2026, 08:00

7 адам қаза тапты: Щучинскідегі жарылысқа қатысты жаңа деректер жарияланды (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Облыс әкімдігі сондай-ақ ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.

Ақмола облысының әкімдігі Щучинск қаласында болған оқиғаға қатысты жаңа деректерді жариялады. Онда бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысынан қаза тапқандар саны жеті адамға жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Жедел деректерге сүйенсек, барлығы 26 адам зардап шекті, оның ішінде 7 адам қаза тапты (марқұмдардың арасында 16 жастағы қыз бар). 13 адам Бурабай аудандық ауруханасында жатыр. 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы желісі бойынша қосымша медициналық бригадалар жедел түрде жасақталған.

– Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылды: мамандар, дәрі-дәрмек, санитарлық авиация оқиға орнына жіберілді. Облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері анықталып жатыр. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеді, – делінген әкімдік ақпаратында.