27.02.2026, 16:40

«Қан-жоса, жалаңаяқ жүгіріп шықты»: Щучинсктегі жарылыстың куәгері мән-жайды баяндады (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Күртелерін, бәрін сол жерде қалдырды, адамдар жалаңаяқ жүгіріп шықты".

Щучинсктегі дәмхана жарылған сәтке куә болғандар сол кезде болған жағдайды баяндады. Куәгерлердің айтуынша, аспаздар мен мен қызметкерлер қарға аунаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жарылыс кезінде оқиға орнында болған Әлібек Belles.kz порталына берген сұхбатында бәрі бір сәтте болып, арты өртке ұласқанын айтты.

“Қатты жарылыс болды, әйнектер дірілдеді. Біз сыртқа шыққанда бәрі жанып кетті. Барлығы өте тез болды. Бір секундтың ішінде бәрі өртеніп кетті, өрт залға жайылды. Адамдар жүгіріп шықты, бәрі күйік алды. Барлық аспаздар мен қызметкерлер қарға аунады. Барлығын сыртқа шығара бастады, өтіп бара жатқан адамдар бәрі жүгіріп келді, мен де жүгіріп бардым, сол жерде әпкемді көрдім. Оны алып кетіп, сыртқа шығарып жатыр. Ол өте қатты күйіп қалды. Бәрінің үсті-басы қан-жоса, кейбіреулерінің шашы болмады. Күртелерін, бәрін сол жерде қалдырды, адамдар жалаңаяқ жүгіріп шықты”, – дейді Әлібек.

Ол сол жарылыста досынан айырылған. Ал әпкесінің денесінің 80%-ын күйік шалған. Ол Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ оның сөзінше, дәмхананың жанынан өткен адамдар жарылыс толқынынан құлағанын айтқан.

Төтенше жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Ақмола облысы ТЖД-нің соңғы деректері бойынша, жарылыс кезінде 10 адам құтқарылды.

“28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды. 8 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қаза тапты. Жарылыс кезінде мекеме қызметкерлерінің алтауы қаза тапқан. 16 жастағы қыздың қаза болғаны туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Дәмханада оның жұмыс істеген-істемегенін тексеріп жатырмыз. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз мекемеде анасымен бірге болған, анасы сол мекеменің қызметкері”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы әкімдігі.

Әкімдік мәліметінше, анасы тірі.

Еске салайық, 26 ақпан күні Ақмола облысы Щучинск қаласындағы “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан 7 адам ажал құшты. Жарылыстың соңы алапат өртке ұласты. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шықты.