Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді.
– Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Берік достық, өзара қолдау және ортақ мүдде елдеріміздің ынтымақтастығына арқау болып отыр. Мен екі жыл бұрын Белградқа жасаған сапарымды ыстық ықыласпен еске аламын. Сол кездегі келісімдердің табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Биыл екі мемлекеттің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Президент Александр Вучичтің сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия арасында барлық деңгейде өзара сенімді арқау еткен саяси диалог орнады. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс істеп, Парламентаралық байланыс нығайып келеді. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық күшейді. Мәдени-гуманитарлық бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз тереңдей түсті, – деді Қазақстан Президенті.Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты дамытуға Сербия Президентінің зор үлес қосқанын жеткізіп, еліміз мұны өте жоғары бағалайтынын айтты.
– Сондықтан бүгін Жоғары Мәртебелі Президент Александр Вучичті Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл Сербия халқына деген ерекше құрметі, шынайы ілтипатының белгісі. Мызғымас достық пен қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.