"Барлық арманым сенен басталатын".
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өмірден өткеніне 100 күн толды. Осыған орай марқұмның жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол жарының жоқтығына әлі де сене алмайтынын, түсінде оны жиі көретінін жазған. Айтуынша, түсінде екеуі бұлттардың үстінде тұрғандай болады: жұбайы аппақ киімде, жүзінен нұр төгіліп, сабырлы күйде оған қолын созады. Сол сәттерде барлығы қайта қалпына келгендей сезіліп, жаны тынышталады. Алайда оянған кезде оның өмірде жоқ екенін түсіну ең ауыр сәт екенін жеткізген.
«Адамдар “түсінеміз”, “алдыңда әлі бәрі бар” дейді. Бірақ менің “алдам” сен едің. Барлық арманым сенен басталатын. Болашағымды елестетсем, қасымда әрдайым екеумізді көретінмін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол жұбайын өмірінің жарығы, тірегі әрі қорғаны болғанын атап өтті. Қазір артында үнсіздік қалғанын айтқанымен, марқұмның махаббаты өзіне күш беріп тұрғанына сенетінін жеткізді.
Жазба соңында ол жарына деген сағынышын жасырмай, әр тынысымен бірге есімін еске алатынын, махаббаты мәңгі жүрегінде сақталатынын жазған.
Желі қолданушылары пікір қалдырып, отбасыға қолдау білдіріп, жылы лебіздерін жаудырды.