15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді.
2026 жылдың наурыз айы ел өміріне бірқатар маңызды жаңалық алып келеді. Көктемнің басталуымен бірге салық, тұрғын үй, банк жүйесі, әкімшілік жауапкершілік, білім, көлік, тіпті самокаттарға дейін өзгеріс енгізілмек. Бірі айыппұл төлейді, бірі мемлекеттік сыйақы алады, ал енді бірі тұрғын үй кезегінде түгендеуден өтпесе, баспанадан қағылады. Sn.kz ақпарат порталы Наурыздағы басты өзгерістерге толық шолу ұсынады.
13 күн демалыс
Биыл наурызда қазақстандықтар 13 күн демалады. 7–9 наурыз аралығында Халықаралық әйелдер күніне байланысты үш күн демалыс беріледі. 21–25 наурыз аралығында Наурыз мейрамы құрметіне тағы бес күн қатарынан тынығу мүмкіндігі бар. Бес күндік жұмыс аптасымен істейтіндер үшін 10 наурыз – жұмыс күні. Ал алты күндік кестеде еңбек ететіндер 8–9 және 21–24 наурызда демалып, 10 және 25 наурызда жұмысқа шығады.
15 наурыз – референдум
15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Дауыс беру ел аумағындағы он мыңнан астам учаскеде, сондай-ақ шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде ұйымдастырылады. Бұл наурыз айындағы ең ірі саяси оқиға болмақ.
Салық режимі автоматты түрде өзгереді
1 наурызға дейін арнайы салық режимін сақтағысы келетін жеке кәсіпкерлер тиісті хабарлама беруге тиіс. Өтініш тапсырылмаса, олар автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне көшіріледі. Патентпен немесе мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Ал жеке кәсіпкер ретінде есептен шығу ерікті түрде немесе 1 наурыздан кейін автоматты түрде жүзеге асады.
Отбасы банк: түгендеуден өтпесе – баспана жоқ
2 наурыздан бастап Отбасы банк тұрғын үйді тек түгендеуден өткен азаматтарға ғана бөледі. Кезекте тұрған адам түгендеуден өтпесе, тізімнен шығарылмайды. Алайда тұрғын үй бөлу процесіне қатыса алмайды. Бұл жағдайда жалдамалы баспана да, 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие де ұсынылмайды. Қазірдің өзінде 257 мыңнан астам азамат түгендеуден өткен.
Мемлекеттік сыйақы есептеледі
1 наурызда Отбасы банк салымшыларына мемлекеттік сыйақы есептеледі. Мөлшері – жыл ішінде жиналған қаржының 20 пайызы. Шекті көлемі – 157 280 теңге. Сыйақы 2025 жылы депозитін кемінде 200 АЕК көлемінде толықтырған салымшыларға беріледі. Бірнеше депозиті бар азаматтарға сыйақы тек біреуіне ғана есептеледі.
Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй несиесін береді
19 наурыздан бастап екінші деңгейлі банктер де тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша депозит ашып, баспанаға несие бере алады. Алайда 20 пайыздық мемлекеттік сыйақы тек Отбасы банк салымшыларына ғана төленеді.
Несие беру талаптары күшейеді
Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа займ беруден бас тартылуы мүмкін. Қаржы ұйымдары тәуекелдерді басқару жүйесін қатаңдатады.
Отбасылық даулар: мерзім есептеу өзгереді
Мүлікті бөлуге қатысты үш жылдық талап қою мерзімі енді ажырасқан күннен емес, құқық бұзылған сәттен бастап есептеледі. Алимент өндіру тәртібі нақтыланды. Сот енді төлемді тек табыс пайызы арқылы емес, нақты ақшалай сомамен белгілеуге құқылы. Бұл әсіресе кәсіпкерлер мен шетелде тұратын борышкерлерге қатысты қолданылады.
Борышкерлердің тұрғын үйіндегі үлес өндіріп алынады
Егер қарыз алушының басқа мүлкі болмаса, сот тұрғын үйдің толық құнын емес, ондағы үлесін өндіріп ала алады. Бұл қарыздан жалтаруды азайтуға бағытталған шара.
Дәрігерлерге күш қолданғандарға жаза күшейеді
1 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану немесе қорқыту әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Ауыр зардапқа әкелген жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айыппұл салу тәртібі өзгереді
12 наурыздан бастап камералар тек жүргізушілерді емес, жаяу жүргіншілерді де тіркей алады. Автоматты түрде айыппұл салынуы мүмкін жағдайлар: Қоқыс немесе темекі тұқылын тастау – 43 250 теңге; Тыйым салынған жерде темекі шегу; Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту. Әкімдіктерге қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін хаттама толтыру құқығы берілді. Бұған дейін мұндай өкілет тек полицияда болатын. 2025 жылы осы санаттағы құқық бұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылып, 5,2 млрд теңге айыппұл салынған.
Самокаттарға жаңа талап
1 наурыздан бастап жалға берілетін самокаттар Алматы көшелеріне қайта шығады. Енді барлық құрылғылар тіркеліп, сақтандырылуы тиіс; Әр самокатта бірегей нөмір болады; Пайдаланушының 18 жасқа толғаны және жүргізуші куәлігі бары тексеріледі.
Әуе және теміржол саласындағы жаңалықтар
Алматы мен Атыраудан Баку бағытына тікелей рейстер қайта іске қосылады; 29 наурыздан бастап Алматы – Шанхай бағыты ашылады; Египетке кіру визасының құны өседі; FlyArystan тегін қол жүгінің салмағын 7 келіге дейін арттырады; Мереке кезеңінде теміржол билеттеріне берілетін кей жеңілдіктер уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар FlyArystan мен Air Astana компанияларында кадрлық өзгерістер орын алады.
Оқушылар демалысқа шығады
Үшінші тоқсан 10 аптаға созылады. Көктемгі демалыс 19–29 наурыз аралығында өтеді. Төртінші тоқсан 30 наурызда басталады.
Ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша, наурыз салыстырмалы түрде жылы әрі жауын-шашынды болуы мүмкін. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы көпжылдық орташа көрсеткіштен шамамен 1 градусқа жоғары болады. Таулы және тау етегіндегі өңірлерде жауын-шашын жиірек түсуі ықтимал. Солтүстікте салқын күндер сақталуы мүмкін, ал оңтүстікте көктем ертерек сезіледі.
Наурыз айы қазақстандықтар үшін тек мерекелі демалыс емес. Бұл – салық режимінен бастап тұрғын үй саясатына, айыппұл тәртібінен бастап медицина қызметкерлерін қорғауға дейінгі кешенді өзгерістер кезеңі. Бірі мемлекеттік сыйақы алады, бірі автоматты түрде жаңа салық режиміне өтеді, енді бірі камераға түсіп айыппұл төлейді. Ал түгендеуден өтпеген азамат баспана бөлу тізіміне қатыса алмайды. Көктем тек күн жылуын ғана емес, құқықтық және экономикалық жаңа тәртіпті де ала келмек.