21.08.2014, 03:15

Бензин тапшылығы Қостанай облысына да жетті

Сурет: qamshy.kz

Қостанай облысындағы көлік жүргізушілері бензин қымбаттады деп дабыл қағуда. Олар ең көп пайдаланылатын АИ-92-ні 115 теңгеден емес, 127 теңгеден алып жатқанын айтып отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мұндайды күтпеген көлік жүргізушілері жанармай құю үшін 60 шақырым жердегі Қостанайға қатынауға мәжбүр. Облыс орталығында баға әзірге бұрынғыша, бірақ жағдай тым мүшкіл.

«Бекеттер алдындағы ұзын-сонар көлік кезегі сағаттап таусылар емес. Ал Рудныйда жанармай бекеттері түгел жабылған. Табан асты туған мұндай тапшылыққа бәрінен бұрын мұнай өңдірушілер аң-таң. Айтуларынша, жанар-жағармай зауытта жеткілікті. Ал бензинге қатысты қазіргі жағдай қолдан жасалып отыр», делінген телеарна сюжетінде.     

— Біз әдеттегі режимде жұмыс істеп жатырмыз. «ҚазТрансоил» тәулігіне 15 мың тонна жанармай шығаруда. Тағы 25-30 мың тонна мұнай қорда бар. Жанармай қымбаттайтындай, болмаса қат болатындай дүрбелеңге негіз жоқ, — дейді «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ Бас директоры Шухрат Данбай.