$ 497.56  586.92  6.44

Біздің ең үлкен жауымыз Қытайдан келген қазақтар болатын – Өміртай Бітімов (ВИДЕО)

Қазақстан егемендігін алғаннан кейін шетте жүрген қазақтар Тәуелсіз Отанына оралғысы келетінін ашық айта бастады.

«QASQA JOL» YouTube бағдарламасының бұл аптадағы қонағы дипломат, әскери қайраткер, генерал-майор, сондай-ақ, 2011-2018 жылдар аралығында Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі болған Өміртай Бітімов соңғы жылдары Таяу Шығыс елдеріндегі шиеленіскен жағдайлар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Дипломаттың айтуынша, Қазақстан егемендігін алғаннан кейін шетте жүрген қазақтар Тәуелсіз Отанына оралғысы келетінін ашық айта бастаған. Өйткені Қазақстанда Тәуелсіздікке дейін және Тәуелсіздіктен дейін жағдай басқаша болды.

«Ауғанстанда қыз балаларға болашақ жоқ, оларды оқытпайды, сыртқа шығартпайды, қараңғы етіп тәрбиелейді. Сол себепті Ауғаннан елімізге келетін қандастарды шеттетпей, өз ортамызға қосу керек. Менің ойымша арнайы бағдарлама әзірлеп, елге әкелу керек. Бірақ ираннан, ауғанстаннан келген қазақтарды біздікілер радикал деп ойлайды, шындығында оларды радикал, қауіп келеді деп ойламау керек. Өз қазақтарымызды шетке ысырмау керек. Мен Ауғанстанда болған жылдары елде 50-ге жуық партия болды, кейінірек мұның қатары 150-ге дейін жетті. Әр партия өз жағына тартатын, бірақ халық тыныш болмады. Демократия ма? Демократия. Ал қазір тәліптер билік орнатқан соң, ешқандай партия атаулы жоқ, есесіне елде демократия да жоқ, бірақ халқы тыныш. Қандай қызық дерсің», - деді Өміртай Бітімов.

Сонымен қатар әскери қайраткер Қытайдан келген қазақтар жөнінде де пікір білдірді.

«Ауғанстан мен Ираннан келетін қазақтар сияқты біз Қытайдан келген қазақтардан қауіптенеміз. Неге олай? Иә, әрине азаматтық беру жөнінде ойлануға болады. Бірақ азаматтықты бірден бермей, елде тұру жөнінде ықтиярхатты беріп, елде тұрғыза беру керек. Қазір Қытайдан келетін қауіп бар деп айта алмаймын, бірақ олардан үйренеріміз көп, қазір әлемдік державаға айналды. Қытайсыз біздің өміріміз қиындап кетеді. Сол себепті қауіптенудің қажеті жоқ. Қазіргі жағдай басқа. Үйренеріміз өте көп. Бұрындары біздің ең үлкен жауымыз Қытайдан келген қазақтар болатын. Себебі саясат солай болды. Ол кезде біздің жауымыз Қытай болатын. Ал қазір бізге жақын мемлекеттердің біріне айналды. Оны мойындау керек. Бала-шағамыздың болашағы үшін Қытайға жақын болу керек, себебі технология да, экономика да көз ілеспей дамып жатыр », - деді ол.

Әскери қайраткер соңғы күндері Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайларды да атап өтіп, Иранның әскери қауқарын да айта кетті.

«Соғыстың жақсысы жоқ, Иранның да шамасы шектеулі. Иран кіріссе көршілеріне зиянын тигізеді. Әйтпесе Иран керемет мемлекет. Тарихы мол, потенциалы керемет, бірақ молдалардың кесірінен ел күйреп кетті.

Қазір біздің елдің ұстанып отырған сыртқы саясаты көңіл көншітеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Америкамен де, Кореямен де, Жапониямен де тіпті Пәкістанға дейін барып келді, мұның бәрі еліміздің көпвекторлы екенінің анық айғағы», - деді саясаткер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0