04.03.2026, 09:30

Банктердің «пайызсыз» айласы: халық табысының 60 пайызы қарыз бен азық-түлікке кетіп жатыр

Фото: Pixabay

Нарықтағы тағы бір қауіпті құбылыс - жасанды сұраныс.

Соңғы жылдары дүкенге кірген адам қалтасында ақша бар-жоғына қарамай қалағанын ала алады. Телефон, тоңазытқыш, ноутбук, тіпті күнделікті ұсақ-түйек те - «бөліп төлеумен». Сырт қарағанда тиімді шешім секілді. Алайда экономикалық мазмұнына үңілсек, бұл - кәдімгі тұтынушылық несие. Айырмашылығы - атауында ғана.

Бөліп төлеу тетігі бүкіл әлемде қарқын алып келеді. Халықаралық Research&Markets дерегіне сүйенсек, бұл нарық жыл сайын 18,9 пайызға өсіп, биыл 509,2 млрд долларға жетпек. Былтыр оның көлемі 428,2 млрд доллар болған. Бір жылдың ішінде ондаған миллиард долларлық өсім - кездейсоқ құбылыс емес.

«Пайызсыз» деген жарнама тұтынушы психологиясын өзгертті. Қолында нақты қаражат болмаса да, сатып алу шешімін кейінге қалдырмайды. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. 2019-2023 жылдары жан басына шаққандағы орташа қарыз көлемі 50 пайыздан аса артты. Бұл -елдегі қаржылық тәртіптің әлсірегенін білдіретін маңызды индикатор. 2024 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша, экономикаға берілген 41,9 трлн теңге қарыздың 24,2 трлн теңгесі халықтың мойнында. Яғни жалпы несиенің 55 пайыздан астамы жеке тұлғаларға тиесілі.

Мұның ішінде тұтынушылық несие басым. Ал сол тұтынушылық несиенің жартысынан көбі бөліп төлеу арқылы рәсімделіп жатыр деген мәлімет бар. Яғни банк секторындағы табыстың елеулі бөлігі -халықтың күнделікті тұтыну әдетінен түсетін пайда. Бөліп төлеу «пайызсыз» деп көрсетілгенімен, шын мәнінде ол тегін қаржы емес. Комиссиялық төлем, сақтандыру, қосымша қызмет ақысы, мерзімінен кешіктірсе айыппұл - бәрі есептің ішінде. Жарнамалық мәтінде «0%» жазылуы мүмкін, бірақ банктің маржасы бәрібір сақталады. Бұл - пайызды ашық көрсету орнына оны құрылымға жасыру тәсілі.

Нарықтағы тағы бір қауіпті құбылыс - жасанды сұраныс. Бұрын адам ақшасы жетпесе, сатып алуды кейінге қалдыратын. Қазір керісінше: төлемді бөліп тастап, тауарды бірден алады. Осылайша нарықта нақты табысқа негізделмеген сұраныс пайда болады. Сұраныс артқан жерде баға өседі. Бағаөскен сайын инфляция күшейеді. Инфляция күшейген сайын халық тағы да қарызға жүгінеді. Бұл - тұйық шеңбер. 2024 жылдың үшінші тоқсанында қазақстандықтардың табысындағы несие төлемінің үлесі 6,3 пайыз болса, 2025 жылдың үшінші тоқсанында 6,5 пайызға жетті. Халықаралық есеп айырысу банкінің дерегіне қарасақ, бұл көрсеткіш Франциядағы 5,9 пайызбен, Германиядағы 5,4 пайызбен шамалас. Дамыған елдерде орта есеппен 8-12 пайыз аралығында.

Алайда айырмашылық пайыз көлемінде емес, оның құрылымында. Еуропада несие портфелінің басым бөлігі - ипотека. Яғни ұзақ мерзімді актив -баспана. Ал Қазақстанда алынған қарыздың 67,5 пайызы тұтынушылық мақсатта. Техника, смартфон, ұсақ шығын, қысқа мерзімді қажеттілік. Актив емес, тез құнын жоғалтатын тауар.

Тағы бір маңызды көрсеткіш - халық табысының құрылымы. Қазақстанда табыстың 52,3 пайызы азық-түлікке жұмсалады. Бұған 6,5 пайыз несие төлемін қосқанда, шамамен 60 пайызы ең қажетті шығындарға кетеді. Яғни табыстың жартысынан астамы күнделікті өмір сүруге жұмсалып отыр. Жинақтауға, инвестициялауға, қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыруға мүмкіндік аз.

2025 жылдың үшінші тоқсанында тұтынушылық несие портфелі 26,2 пайызға өскен. Бұл жылдық емес, тоқсандық динамика. Қарыз көлемі әр тоқсан сайын ұлғайып отыр. Демек, мәселе уақытша емес, жүйелі сипат алған.

Бөліп төлеу нарығының кеңеюі тіпті базалық мөлшерлеменің өсуіне де ықпал етті деген пікір бар. Себебі несие көлемінің шамадан тыс ұлғаюы қаржы жүйесіне қысым түсіреді. Үкіметтің бұл нарықты реттеу туралы бастамасы да - жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын аңғартатын белгі. Банк секторы үшін бұл тиімді модель. Тәуекел -қарыз алушыда. Пайда - қаржы институтында. Кешіктірген төлем үшін айыппұл бар, мерзімінен бұрын жапса да шарттық талаптар бар. Ал жарнамада тек «қолжетімділік» көрінеді. Бөліп төлеуге толық тыйым салу мүмкін емес. Қоғам оған дайын емес. Бірақ оны шынайы құнымен көрсету -әділ талап. Қарызды «жеңіл мүмкіндік» ретінде емес, міндеттеме ретінде қабылдау мәдениеті қалыптасуы тиіс.

Әйтпесе халық табысы өспей, қарызы ұлғая береді. Қазір банктер несие беруді аздап қиындатуы мүмкін. Алайда бұл түбегейлі шешім емес. Негізгі мәселе - табыстың әлсіздігі мен тұтыну әдетінің өзгеруі. Қарыз есебінен өмір сүру қалыпты құбылысқа айналып барады. Бөліп төлеу - экономикалық құрал. Бірақ ол табысы жеткілікті қоғамда ғана қауіпсіз жұмыс істейді. Ал табыстың 60 пайызы күнкөріске кететін елде бұл құрал әлеуметтік тәуекелге айналуы мүмкін. Банк секторы үшін бұл өсім - табыс. Халық үшін - тәуелділік. Ал ұзақ мерзімде бұл тепе-теңдік бұзылса, қаржы жүйесі ғана емес, тұтас экономика зардап шегуі ықтимал.