2024 жылдың 12 қазанында қайғыдан қан жұтып, қара жамылған отбасының баспанасын өрт шалған еді.
Осы оқиғаға байланысты Алматы облысының прокуратурасы Kazinform тілшісіне тергеу жұмыстарының қай сатыда екенін айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Былтыр Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев істің мән-жайын жан-жақты анықтау үшін Ресей Федерациясынан спутник суреттері келуі керек екенін, тергеудің сол себепті кешіккенін түсіндірген-ді. 2025 жылдың тамыз айында аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының тоқтатылғаны анықталды.
– Қ.Нұрымовтың үйінде болған өрт дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында қазіргі уақытта тергеу органы қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Олардың нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады. Аталған қылмыстық іске қатысты өзге де мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды, – деп жазылған облыс прокуроры Берік Адамовтың жауабында.
Сондай-ақ, қадағалау органы спутниктік деректердің алынған-алынбағанын және бұл іс бойынша күдіктілердің анықталуын нақтыламаған.