Көршілердің айтуынша, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі табылған.
Шымкент қаласындағы Студенттер қалашығы шағынауданында бір подъезден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға газдан улану себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Көршілердің айтуынша, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі табылған. Ал екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің мәйіті анықталған. Сонымен қатар үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде студент қыздың қайтыс болғаны белгілі болды.
20 жастағы қыздың денесін пәтер иесі жуынатын бөлмеден тапқан. Тұрғындардың сөзінше, бұған дейін олар газдың иісіне қатысты шағым айтқан. Алайда газ қызметі тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Полиция аталған факті бойынша адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.