05.03.2026, 14:20

Петропавлда жұмысшы 800 келі металдың арасында қысылып қалды

Фото: freepic

Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылып, зардап шеккен қызметкер емдеу мекемесіне жеткізілді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 45 жастағы кәсіпорын қызметкері кран-балка арқылы өлшемі 6×1,5 метр болатын металл табақтарды көтеру жұмыстарын орындаған. Олардың жалпы салмағы шамамен 800 кг болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Металлды көтеру кезінде жүк ілгегі сақинадан сырғып кетіп, салдарынан металл табағы бүйірімен құлаған. Осы кезде жұмысшы олардың арасында қалып, қысылып қалған.

Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылып, зардап шеккен қызметкер емдеу мекемесіне жеткізілді.

Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

СҚО полиция департаменті Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан кәсіпорындардың бірінің аумағында қызметкердің жарақат алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

– Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді ведомствоның баспасөз қызметінде.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 45 жастағы ер адам ауыр жағдайда жеткізілді. Науқаста травматикалық шок болған.

– Ер адам бірден жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Ер адамның сол жақ қабырғалары бірнеше жерден сынған, жүрегі және өкпесі соғылған. Қазір зақымдануларды нақтылау үшін қажетті диагностикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Қазір науқастың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр. Ол барлық қажетті емді қабылдап жатыр, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.