11.03.2026, 15:30

Каспий теңізін «құрғатып жібереді» деген әңгіме - бос сөз: министр қауесетке жауап берді

Фото: Үкімет

Министр мұндай болжамдарды шындыққа жанаспайтын ақпарат деп атады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Каспий теңізіне қатысты тараған қауесеттерге пікір білдірді. Сарапшылар шабуыл болған жағдайда теңізге күкірт төгіліп, су айдыны қатты ластануы мүмкін деген болжам айтқан. Тіпті кейбір пікірлерде Каспий «қайнап кетуі» немесе тартылып қалуы мүмкін деген сөздер тараған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Министр мұндай болжамдарды шындыққа жанаспайтын ақпарат деп атады. Оның айтуынша, Каспий теңізін құрғатып жіберу немесе суды қайнатып жіберетіндей деңгейде әсер ету үшін табиғатта да, техникада да мүмкін емес көлемдегі факторлар қажет. Сондықтан бұл мәселе бойынша халықты үрейлендіретін негіз жоқ.

Ерлан Нысанбаев сондай-ақ қоғамда түрлі болжамдар мен қауесеттер жиі айтылатынын, бірақ олардың бәрі ғылыми дәлелге сүйенбейтінін атап өтті. Министрдің сөзінше, Каспий теңізінің экологиялық жағдайы тұрақты бақылауда, ал төтенше қауіпке қатысты нақты қауіп жоқ.

Жиын барысында тағы бір мәселе - киік етін өткізу тақырыбы да көтерілді. Министрден қанша көлемде өнім сатылғаны және бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатқаны туралы сұрақ қойылды. Министрлік бұл мәселеге қатысты нақты есеп кейінірек жарияланатынын айтты.