$ 489.39  567.99  6.19

Қарағандыда балалар алаңы сүріліп, орнына үй салынбақ: тұрғындар әкімдікке қарсы шықты

Тұрғындардың сөзінше, бұл шешім қабылданғанда жақын маңдағы үйлерде тұратын халықтың пікірі сұралмаған.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Қарағанды қаласының Степной-1 шағынауданында тұрғындар жаңа тұрғын үй құрылысына байланысты наразылық білдірді. Олардың айтуынша, көпқабатты үй салынатын жер бұрын балалар ойнайтын алаң болған. Алаң жақында бұзылып, құрылысқа дайындық басталған.

Тұрғындардың сөзінше, бұл шешім қабылданғанда жақын маңдағы үйлерде тұратын халықтың пікірі сұралмаған. Соның салдарынан аулада балаларға арналған орын азайып, көлік көбейіп, онсыз да тар аумаққа тағы бір үй салынбақ. Жергілікті халық мұндай тығыз құрылыс өмір сүру жағдайын нашарлататынын айтып отыр.

Тұрғындар әкімдікке және жауапты органдарға ұжымдық түрде өтініш жазып, құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатуды талап еткен. Олар балалар алаңын бұзудың заңдылығын тексеруді, құрылысқа берілген рұқсат құжаттарын көрсетуді және қоғамдық тыңдау өткізуді сұрап отыр.

Алайда тұрғындардың айтуынша, ауладағы инфрақұрылым мәселесі бұрыннан шешілмеген, соған қарамастан жаңа құрылыс басталған. Халық бұл жағдайды жергілікті биліктің тұрғындардың пікірін елемей, құрылысқа рұқсат бере салғанымен байланыстырады.

Қарағандылықтар қоғамдық кеңістік пен балаларға арналған алаңды сақтап қалуды талап етіп отыр. Егер мәселе шешілмесе, тұрғындар жоғары органдарға дейін шағымданатынын айтып жатыр.

Видео: @sergey.tereshcenko

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0