$ 491.68  568.23  6.2

«Ақбаянның психологиялық ауытқуы болмаған»: Күдіктілердің көршісі ел естімеген жайтты айтты

“Сұлтан да өте жуас, тыныш жігіт сияқты еді". 

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Атырау қаласында болған қанды оқиғаға байланысты күдікке ілінген Сұлтан мен Ақбаян туралы олардың бұрынғы көршілері естеліктерімен бөлісті,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

КТК арнасының Атырау облысындағы тілшісі Жанат Молдашеванің айтуынша, редакцияға осы үйде бұрын тұрған тұрғындардың бірі хат жолдаған. Ол 2023 жылы аталған үйдің бір бөлігін жалдап тұрғанын, сол кезде Сұлтан мен Ақбаянмен көрші болғанын жеткізген. Көршінің сөзінше, сырт көзге бұл отбасы өте қарапайым, сабырлы әрі тыныш жандар болып көрінген.

“Сәлеметсіз бе! Біз 2023 жылы сол үйдің екінші бөлігінде жалдап тұрдық. Сұлтан мен Ақбаян біздің көршіміз болды. Олар көшіп келгеннен кейін екі айдан соң біз басқа жерге көшіп кеттік. Қазір жаңалықтарды көріп қатты шошып отырмыз. Алланың қалауымен дер кезінде көшіп кеткен екенбіз. Бізге олар өте жуас, момын отбасы сияқты көрінетін. Сұлтанның Наурыз есімді ағасы да келіп тұратын, оны да талай көрдік”, – дейді ол.

Көршінің айтуынша, олар бұл отбасымен жаман араласпаған.

“Иә, аралас-құралас болып тұрдық. Жұма сайын бауырсақ, пирожки пісіріп әкеліп беретін. Кейде бізден дастарқан сұрап алатын. Тоңазытқыштары болмағандықтан, еттерін біздің үйдің мұздатқышына салып жүрді. Ақбаян өте жинақы, үйін таза ұстайтын. Мінез-құлқынан ешқандай күмәнді әрекет байқамадық”, – дейді ол.

Сондай-ақ көрші Ақбаянның туыстары да жиі келіп тұратынын айтқан.

“Ақбаянның анасы келіп, балаларын қарап жүретін. Ағасы Наурызды да жиі көретінбіз”, – дейді тұрғын.

Ал Сұлтан туралы да ол жақсы пікірде болғанын жеткізді.

“Сұлтан да өте жуас, тыныш жігіт сияқты еді. Тіпті жолдасым түнгі ауысымға кеткен кезде: ‘Үйде екі кішкентай ұлым мен қызым қалады, Сұлтан, қарап қоясың ба?’ деп сеніп тапсырып кететін. Сол кезде үйдің жалдау ақысы қолжетімді болған соң тұрып жүрдік. Кейін жолдың батпағына байланысты 2023 жылдың жазында көшіп кеткенбіз. Қазір ойланып отырсақ, ‘үндемейтін жуас адамнан да қорқу керек’ деген сөз рас екен. Қазір адамнан қорқатын заман болды”, – деп бөлісті ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0