14.03.2026, 17:30

Тарихта алғаш рет: Қазақстандық альпинистер «Өлім қабырғасын» бағындырды

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстандық спортшылардың жаңа буыны бұрын еуропалық альпинистер басымдық танытып келген техникалық элиталық альпинизм бағыттарын меңгере бастады.

Қазақстандық JASA TEAM командасының мүшелері Омар Асербеков пен Григорий Щукин Альпідегі ең күрделі классикалық бағыттардың бірін бағындырған алғашқы қазақстандықтар атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Олар Берн Альпілеріндегі Эйгер шыңына (3 970 м) Хекмайердің классикалық бағыты арқылы көтерілді. Бұл әлемдік альпинизмдегі ең әйгілі әрі техникалық жағынан күрделі бағыттардың бірі. 1935 жылдан бері мұнда 60-тан астам адам қаза тапқан.

Шыңға көтерілу екі жарым күнге созылды. Команда маусымда алғаш болып жолға шыққандықтан, бұрынғы альпинистердің ізі болмаған, олар жол салып, жартастарды қардан тазартып отырды. Бірінші күні қабырғаның үштен екі бөлігін жүріп өтіп, "Өлім бивуагында" шатырсыз, сақтандыру нүктелеріне байланған күйде түнеп шықты. Екінші күні ең күрделі техникалық жоғарғы бөлікті еңсеріп, шыңға жетті бірден түсуге кірісті. Үшінші күні аман-есен төмен түсті.

Эйгер Альпідегі "алты ұлы солтүстік қабырғаның" қатарына кіреді. 2025 жылы Асербеков пен Щукин Пти-Дрю және Гранд-Жорас тауларының солтүстік қабырғаларын да бағындырған болатын. Осылайша олар бір маусымда бағдарламадағы ең күрделі үш қабырғаны еңсеріп, әрқайсысында алғашқы қазақстандықтар атанды.

Бағыт толық автономды стильде, яғни гидсіз, шерпасыз және алдын ала дайындықсыз өтті. Сегіз мыңдық шыңға ұйымдастырылатын коммерциялық экспедициялардан айырмашылығы, мұнда маршрут бойына сақтандыру арқандары алдын ала ілінбейді. Команда толықтай өз күшіне сүйенді. Бұл альпинизмнің ең талапшыл бағыттарының бірі саналады.

Эйгер атауы неміс тілінен аударғанда "адам жегіш" деген мағынаны білдіреді. Оның солтүстік қабырғасында 1935 жылдан бері кемінде 64 альпинист қаза тапқан. Осы себепті ол Mordwand — "қатерлі қабырға" деген атауға ие болған. ХХ ғасырдағы баспасөзде бұл бағыт "Өлім қабырғасы" деген атпен кеңінен танылды. Хекмайер бағыты (6А санаты) жартасты және мұзды рельефте жоғары деңгейдегі өрмелеу шеберлігін, шектеулі сақтандыру жағдайында қозғалу тәжірибесін және үлкен физикалық төзімділікті талап етеді. Маршрут бойында тік жартастар, мұз алаңдары және қатқан мұз аралас күрделі учаскелер кезектесіп келеді. Биіктік айырмасы шамамен 1800 метр. Бұл қабырға тас құлауы, қар көшкіні және ауа райының кенет өзгеруімен де қауіпті.

JASA TEAM құрамындағы Асербеков пен Щукиннің жетістігі қазақстандық альпинизмнің жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстандық спортшылардың жаңа буыны бұрын еуропалық альпинистер басымдық танытып келген техникалық элиталық альпинизм бағыттарын меңгере бастады.

Тегтер: биіктік Тау