22.03.2026, 20:30

Қазақтың танымал айтыс ақыны өмірден өтті

Фото; Kazinform

Жаназа намазы Қосшыда оқылады деп жоспарланған.

Талантты өнер иесі, айтыс ақыны, күйші, публицист, қазақ мәдениетімен әдебиетінің, өнерінің жанашыры Кәдірхан Қизатұлы дүниеден өтті деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

Асыл азамат, мол қазына, болмысы да өз дене тұлғасындай кесек, ірі тұлға Кәдірхан Қизатұлы жол-көлік оқиғасынан О дүниелік болды.

Ол Қытайдағы қазақ айтысының ірі өкілі ғана емес, зерттеушісі, жоқтаушысы еді. Күйші, шежіреші, шешен еді. Күллі әңгімесі айналасындағы таланттардың ғажап болмысына сүйіну, солар туралы ершімді естеліктер еді.

Атап айтар болсақ, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, Жұмағали Құйқабайұлы, Құрманбек Зейтінғазыұлы және Задахан Мыңбаев сынды Қытай қазақтарына белгілі біртуар өнер иелерінің артында қалған мол мұрасын елге жеткізу болатын.

Марқұм Астананың іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғыны. Жаназа намазы Қосшыда оқылады деп жоспарланған.

ҚР авторлар қоғамының мүшесі, айтыскер ақын, этнограф, қиссагер, әнші және күйші қазақ өнерінің шын жанашыры Кәдірхан Қизатұлын қысқаша таныстыра кетейік.

Кәдірхан Қизатұлы 1963 жылы ҚХР Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданының Сары Еміл фирмасының Майлы тауында малшы отбасында дүниеге келген.

1980-1995 жылдар аралығында бастауыш және орталау мектептерде әдебиеттен сабақ берген.

1995-2014 жылдары Дөрбілжін аудандық мәдениет үйінің директоры болып жұмыс атқарған. 2014 жылы демалысқа шыққан.

1980 жылдан бастап қазірге дейін үш жүзден астам өлең толғаулар мен оннан астам поэма жазған. «Қарымжы», «Қайран, Дәурен» қатарлы көптген айтыс және жыр, проза жинақтарының авторы.

1986-2006 жылдары «Танымал айтыскер», «Өлке дәрежелі айтыскер», «Тарбағатай аймағына еңбегі сіңген айтыскер» атақтарын алған. Сонымен бірге дәулескер күйші. Репертуарында өз авторлығындағы және көптеген халық күйлері бар.

2016 жылы тарихи отанына қоныс аударып келгеннен бері «Мың бұлақ» жыр жинағы мен «Қытай қазақ ақындар айтысы», «Атам айтқан әңгімелер» атты кітаптар құрастырып оқырманға ұсынды.

ҚХР мемлекеттік ауыз әдебиет қоғамының, ШҰАР әдебиет көркемөнер қоғамының, Іле қазақ автономиялы облыстық айтыс зерттеу қоғамының мүшесі. ҚР авторлар қоғамының мүшесі. Жақында ҚР жазушылар одағына қабылданған еді.