$ 482.33  557.57  5.74

Алматыда жол апатынан 3 адам ажал құшты (ВИДЕО)

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Фото: Алматы ПД
Фото: Алматы ПД

21 наурыз күні Алматы қаласында Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында адам шығынына әкелген ауыр жол апаты тіркелді. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr маркалы көлік батыс бағытта келе жатып қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағыттағы Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты нәтижесінде Mercedes жүргізушісі (29 жаста) мен оның екі жолаушысы (20 және 23 жаста) оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше, Zeekr 9X автокөлігін 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак басқарған. Ол көлік саласында жұмыс істейтін компанияларға қатысы бар тұлға екені айтылуда.

Дерекке сәйкес, оның атына Алматыда екі ұйым тіркелген – “ГУ ХОЗУ Алматы” және “Глобал Партнер” ЖШС. Бірінші компания 2025 жылы құрылған және бір жыл ішінде шамамен 500 мың теңге көлемінде салық төлеген. Ал екінші компания 2024 жылдың күзінен бері бюджетке 50 миллион теңгеден астам қаржы аударған.

Сондай-ақ, жүргізуші мінген қытайлық Zeekr 9X көлігінің шамамен құны 100 мың доллар екені көрсетілген.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, оқиға алдында Zeekr жүргізушісі басқа көліктермен жарысқан болуы мүмкін.

ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0