26.03.2026, 10:30

Павлодарда жолды жыл сайын су басады: тұрғындар бір жыл бойы жауап күтумен жүр

Фото: видеодан скрин

Павлодарда бір көшені жыл сайын су басса да, әкімдік мәселені шешудің орнына тұрғындардың шағымын елемей отыр.

Павлодар қаласында Товарная мен Большая Безная көшелерінің қиылысындағы жолды тағы да су басты. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе жыл сайын көктем келген сайын қайталанады, бірақ нақты шешім жоқ.

Осы жолдың жағдайына қатысты тұрғындар былтыр да әкімдік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгінген. Алайда содан бері еш өзгеріс болмаған, жол сол күйі суға толып жатыр. Видеоға түсірілген кадрлардан көшенің толықтай су астында қалғанын көруге болады. Бұл - ұзындығы шамамен 500 метр болатын тұйық көше, мұнда екі аялдама павильоны бар.

Соған қарамастан, қазір бұл жерден қоғамдық көлік жүрмейді, ал маңайда бірнеше кәсіпорын орналасқан. Сол себепті жұмысшылар күн сайын бұл жерге жаяу қатынауға мәжбүр. Тұрғындар жолдағы суды сорып, автобустың уақытша болса да қайта жүруін сұрап отыр. Павлодарда бір көшені жыл сайын су басса да, әкімдік мәселені шешудің орнына тұрғындардың шағымын елемей отыр.