27.03.2026, 15:20

«Иті жібермей қойған»: Алматыдағы апатта көз жұмған қыздың видеосы тарады (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Бұл видеоны адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан қаза тапқан қыздың соңғы видеосы тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл видеоны адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

 

"Жол апатынан қайтыс болған қарындасымыздың ағасы көмекке жүгініп, бұл істі өз өндірісіме алдым. Құмар соңғы күні үйден шыққанда иті бірнәрсені сезгендей көлігінің алдына тұрып алып, жібермей қойған екен. Әрең дегенде шығып кеткен екен. Ағасының айтуынша, бірнеше сағаттан кейін қарындасынан айырылыпты. Бұл оқиға көптің қабырғасын қайыстырған соң тегін көмек беруге бел будым. Өйткені бұл – бір отбасының емес, қоғамның қайғысы. Құмардың анасының жағдайын көру маған оңай болмады. Құмардың ағасы "күдіктіні кешірмеймін, кешірсем, ол басқа да адамның өмірін қиюы мүмкін ғой" дегенді жеткізді. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын", – деді ол.

 

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.